Біздің блогқа қош келдіңіздер!!! Добро пожаловать на наш блог!!!

Дамыған ел кітап оқиды




Чэнь Чжуантиннің жасы жетпісте. Ол көп жылдан бері көшеде тұрып кітап сатады. Әрине, күнкөріс үшін емес. Сирек кездесетін кітаптар мен тың туындыларды келешекке аманаттап кетпек. Сатушының «сөресінде» ескі басылымнан бастап, ежелгі қытай иероглифінде жазылған шығармалар бар. Аз-кем әңгімеге тартып едім, сатушы ашыла кетті.

Өзі күніне 2 сағатын кітап оқуға арнайды, айына үш кітап оқиды. Тіпті, кей шығармаларды электронды оқулыққа жүктеп алған.
Ал бір күнде 15-ке жуық кітап сатылады. «Бұл кітаптардың бағасына басымдық берілмейді. Көне кітаптарды кәдеге жаратушылар көп.
Тұтынушылардың көпшілігі студенттер мен оқытушылар»,- дейді. Сатушының кітап қоры 300-ден асады, мүнда әлем әдебиеті де бар.
Менің көзім Хуан Шигуннің «Сушу» кітабына түсті. Сатушының аталмыш шығарма туралы пікірін де сұрадым. «Кітапта Цинь династиясы дәуірі кеңінен баяндалған. Қайырымдылық пен достық, әділдік пен адалдыққа негізделген шығарманы халық аспан асты елінің тамаша туындысы деп есептейді. Жалпы кітап дүкенінен іздегенін таппағандар - менің тұтынушыларым. Себебі, сауда орындарында ескі кітаптар мен көне шығармаларға орын жоқ, дүкеннің сөресі күн сайын жаңарып тұрады»,- дейді.
Кітап сатылымы мен тарату жүйесіне өз үлесін қосып тұрған көшедегі сатушының сөзін растау үшін, кітап дүкеніне бет бұрдым. «Синьхуа Шу Диан» - Қытайдағы ең ірі кітап дүкені желісі. Аталмыш кәсіпорын 1937 жылы мемлекеттік кітап баспасының жанынан құрылған. Сапасы мен мазмұны келісті кітап сататын сауда үйі аспан асты елінің барлық қалаларында, тіпті, әр көшесінде орналасқан. Кітап дүкені жалпы ұлттық сату және тасымалдау желісі сақтайды, дүкеннің маркетингтік жұмыстары да жетілген, кітап нарығындағы талаптарды да толығымен қанағаттандырып отыр. «Синьхуа» кітап дүкенінің мен түратын Иньчуань қаласында алтауы бар. Кітап дүкенінің көлемдісі мен оқитын оқу ордасына жақын орналасқан. Іскерлік ауқымы кеңейген кітап сауда үйін аралау үшін екі-үш күн арнау керек. Екі қабатты сауда үйінде барлық әдебиет түрі бар.
Рухани әлемнің ішіне енген сәтте, менің назарым алдымен әлем әдебиеті жиналған сөреге ауды. Қаз-қатар тізілген туындылардың ішінде ең көбі - жапон әдебиеті. Ал таңдаулы автор - Хигасино Кэйго. Қытайда қазір оның «Қылмыскер» атты детектив жанрында жазылған шығармасы сұраныста.
Бұл кітапты бір күнде 30-ға жуық оқырман сатып алады екен. Иә, бұл бір ғана кітап дүкеніндегі көрсеткіш. Жалпы, әлем әдебиетіне мұнда 15-35 жас аралығындағы оқырманның сұранысы жоғары.
Алпауыт елдің оқырмандары қазір кімді оқып жүр? Мені мазалаған келесі сұрақ осы. Әлем әдебиетімен жалғасып жатқан «Қытай әдебиеті» сөресіне тоқталып өтпеу мүмкін емес еді. Мұнда Бинг Син, Ху Дишан, Мао Дун, Ба Джин, Лао Ол,
Хаң Иң, Чин Жұңшы секілді жазушылардың шығармалары бар. Бұлардың бәрі сұраныста. Ал 2012 жылы Нобель сыйлығын алған Мо Яньның «Бақа» шедеврі қытайлық оқырмандар арасында танымал, жалпы, әлемнің қырықтан астам елінің тіліне аударылып, өз бағасы мен базарын тауып жатыр. Шығарма Қытайдың соңғы 60 жылында ауылдық жерлерде дүниеге келген балалардың туылу тарихына негізделіп жазылған. Роман 50 жыл бойы акушерлік және гинекология саласында жұмыс істейтін ауыл дәрігерлерінің өмірілік тәжірибесі мен елдегі отбасын жоспарлаудың күрделі бағытын сипаттайды. Шығарма қытай қоғамындағы қолданыстағы қарапайым сөздермен жазылған.
Қытай тілі- ең қиын тіл. Ал мен оқып жатқан қалада 219110000 халық бар. Бір ғана кітап дүкенінде бір күнде 10-20 мың кітап сатылады. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш төмендепті. Оған электронды кітапқа сұраныстың артуы себеп.
Ал бұл елде кітаптың қадірі қандай? Электронды кітаптың ахуалы ше? Жауабын іздеп, қытайлық студенттерге сауалнама жүргізіп көрдім. Әдеттегідей, пікір екіге бөлінді. Бірі - электронды кітапты қолдап, ыңғайлы әрі керегіңді кез- келген сәтте табуға болады деген пікірді алға тартты. Пайымымша, оқырманның басым бөлігі көптомдық шығарманы ғана электронды нұсқада оқуды әдетке айналдырған. Көпшілігі шығарманы кітаптан оқудың, ондағы әсердің жөні бөлек екенін жеткізді. Жалпы, қытай халқы оқуды жақсы көреді. Мұндағы кітапханалардың көпшілігі 24 сағат жұмыс істейді. Оқырмандары да үзілген емес. Ал жыл сайынғы ұйымдастырылатын кітап жәрмеңкесі - елдің мәдени өміріндегі ең ірі әрі айтулы құбылысына айналған. Содан болар, мұндағы баспагерлер кітапқа қай кезеңде де сұраныс бар екенін жақсы біледі, оның болашағына алаңдамайды.


Дереккөз: Мөлдір бұлақ. №8, 2019 ж.




Комментариев нет:

Отправить комментарий