Біздің блогқа қош келдіңіздер!!! Добро пожаловать на наш блог!!!

«Алтын адамдар алқабы»



Қазақ даласына осындай брэндтік атау берілуі мүмкін.
Сенсация!
Елімізде тағы да бір Алтын адам табылды. Бұл жолы сенсациялық жаңалық ата-бабамыз туралы қалыптасқан түсініктерге өзгеріс енгізуі мүмкін дейді мамандар. Сенсациялық жәдігер Шығыс Қазақстандағы Елеке сазы деген жердегі сақ обаларынан табылды. Архиологиялық қазбалар нәтижесінде қазақ даласынан бүгінгіге дейін табылған алтын адамдар саны - бесеу. Тұңғыш Алтын адам 1970 жылы Есік обаларынан табылғаны белгілі. Екіншісі Аралтөбе, үшіншісі Шілікті обаларынан табылса, төртіншісі Астана төңірегінен, ал бесінші Алтын адам Қарқаралы обаларынан табылып отыр. Бұл жолғысы алтыншы Алтын адам.

Жалпы, қанатты барысқа мінген Алтын адамның Қазақстаннның символдары екенін бәріміз білеміз. Оның көшірмесін Қазақстанның көптеген қалаларынан көруге болады. Сондай символдың біреуі Алматының бас алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішінде этнобрендімізді асқақтатып тұр.
Алтыншы адамның маңызы зор, деген деректер айтылуда. Мысырға жолы түскендер алдымен Гиза жазығындағы «Патшалар алқабына» жетуді қалайды. Онда атақты пирамидалар тұр. Археологиялық туризмді табыс көзіне айналдырып отырған Мысыр елі осы «Патшалар алқабын» бренд санайды. Ал тәуелсіздігін кеше ғана алып отырған біздің ел үшін Алтын адамдар нысанының да осындай маңызы бар.
Жалпы Елеке сазынан табылған ареологиялық жәдігер керемет деп есептелінеді. Ерте сақ дәуірінің б.д.д. VIII-VII  ғасырға тән ескерткіш бізге сол қалпында жетті. Антропологтар мүрденің 17-18 жастағы жігіттікі екенін айтады. Бойының ұзындығы 165-170 сантиметр шамасында. Есіктен табылған Алтын адамның бойының ұзындығы да сондай. Яғни қазіргі адамның антропологиялық келбетіне толық сәйкестенеді. Демек арада мыңдаған жылдар өтсе де біз ата-бабамыздан онша ерекшеленбегенін көреміз.
Елеке сазынан табылған олжаның бір ерекшелігі- барынша жақсы сақталуында. Соған сәйкес оның киімі мен сыртқы келбетін қалпына келтірудің мүмкіндігі зор. Марқұмның киім-кешегі басынан аяғына дейін алтынмен әрленген. Мойында бекзада мәртебесін әйгілейтін тұмары бар. Қасында тері қыпшақ пен алтын қынды қанжары жатыр.
Жаңа антропологиялық технологиялар арқылы мүрденің нақты тарихи келбетін жасауға болады, дейді мамандар. Сондай -ақ сүйектің ДНК-сы алынбақ. Сол арқылы сол дәуірдегі адамдардың тұрмысы мен мәдениеті туралы деректер алынып, сарапталады. Жәдігерді көруге арнайы шақырылған мәскеулік антрополог Егор Китов мүрденің жерленер алдында мумиялануы мүмкін екені айтады. Оның айтуынша, аса мәртебелі адамды жерлеу үшін арнайы қонақтар алыстан  шақырылған болуы мүмкін. Сондықтан мүрдені ұзақ сақтау үшін мумиялауға тура келген.
Осы жерден мифтік Мысырға тән бір нышанды аңғаруға болады. Яғни мүрдені мумиялау алғаш рет Мысырда пайда болды ма, жоқ әлде сақ даласында пайда болды ма деген сауалдың туындауы да заңды.
Алтын адамға байланысты болжамды ақиқаттардың біреуіне тоқтала кетуді парыз санадық. Б.д.д. VIII ғасырда металл өңдеу технологиясының болғанын дәлелдейтін аталмыш технологиялық жәдігерлер біраз жайдан хабар береді. Оның үстіне алты Алтын адамнан табылған әшекейлердің бәрі де зергерлік өнердің сол кезеңнің өзіне де – ақ кемеліне келіп дамығанын көрсетеді. Яғни сақ даласында б.д.д.VIII-VII ғасырда дамыған өркениет болды деген сөз.
Таяудағы болашақта Шығыс Қазақстанның көшпелі өркениеттің осынау озық брендтерін таным айдынына шығаруға тиіс аспан астындағы ашық мұражай құру идеяс бары белгілі. Елеке сазынан табылған алтыншы Алтын адамның осы игі ниетке үлкен үлес қоса алатыны да күмәнсіз дейді мамандар.
Жасыратыны жоқ соңғы кездегі «Өркениеттер тартысының» әсерімен сегізінші өркениет тарихындағы сенсациялық жаңалықтарды әркімнің өзіне телу үрдісі байқалып отыр. Мәселе сегізінші өркениет жетістіктерін қай антропологиялық тип ойлап тапты дегенге тіреледі. Біреулер қазіргі азамзат жетістіктерінің бастауын еуропалық нәсілден іздесе, енді біреулер азиялық этностан іздейді. Соның әсерімен астыртын талас жүріп жатқаны да белгілі. Оның мысалы да аз емес. Мәселен, азиялық екі кемеңгер Шыңғысхан мен Темірланды еуропалық нәсілді адамға жатқызудың жымысқы әрекеттері көрініс беруде. Алайда біздің түсінікте ол ешқандай қисынға келмейді. Себебі, Шыңғысхан да Темірлан да іс жүзінде - Азияның адамдары.
Осы тақлеттес дау-дамай мен пенделік әрекеттердің ендігі шешімі осы Елеке сазынан табылған, антропологиялық сипаты біршама сақталған алтыншы адам арқылы шығуы мүмкін деген болжамдар айтылуда.
Жәдігердің сенсациялық мазмұны да сонда!


Есім Абылайханұлы
Парасат журналы. 09 қыркүйек 2018 жыл

Комментариев нет:

Отправить комментарий