Біздің блогқа қош келдіңіздер!!! Добро пожаловать на наш блог!!!

ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ СУРЕТІНІҢ ҚҰПИЯСЫН БІЛЕСІҢ БЕ?

Шәкәрім атамыздың бізге белгілі, көпшілікке таныс үш суреті бар. Бірінші сурет Қажының басында қара түсті тақия, көкірегін жапқан ақшулан сақалы келбетіне көрік беріп тұр. Қаусырмалы қара шапанның сол жақ өңіріндегі  түймесі анық көрінеді. Әзірге бұл фотоның екі данасы сақталған. Бірінші данасы – Алматыда орналасқан жазушы Сәбит Мұқановтың мұражай-үйінің қорында сақталса, екіншісі –Шыңғыс таудың жатаған жота-қырқаларының алдыңғы планында Шәкәрім Құдайбердіұлы тұр. Қажы жалаңбас, бас киімін шешіп қолына ұстаған. Бұл фотоны Семей қалалық мұражай қызметкері Лаура Қадырова 2009 жылы кездейсоқ тауып алған. Әңгіменің өзегіне айналып отырған Шәкәрім Құдайбердіұлының үшінші суреті бүгін күнге қалай жетті?Ең қызығы - бұл суретті мылқау кісінің сақтағаны. Ол кісінің есімі Шәукен Әбдіғалиұлы болатын. Шын аты - Оразғали. Шәукен ақсақал отызыншы жылдары НКВД жанынан құрылған ОГПУ-дың (Объединенное государственное политическое управление) басшысы Абзал Қарасартовтың атқосшысы, қыстың күні сол ОГПУ-дың от жағушысы болып жұмыс істеген. Оларға ішкі болып жатқан әңгімені, беріліп жатқан тапсырмаларды түснбейтін адам керек. Бұл жұмысқа мылқау Шәукеннің тартылуы да сондықтан. 1931 жылы «халық жауы» деп Шәкәрімді атып, мүрдесін құдыққа тастап кетеді.
 Шәкәрімнің досы Керімқұлдың да қолынан ақын мүрдесін алып қалу келмеген. Тек баласы Қабышты отрядтың артынан аңдытып жібереді. Осы құдық Шәкәрімнің алғашқы зираты. Ең өкініштісі  Шәкәрімнің көмусіз қалғаны емес, оның 1915 жылдан 1931 жылға дейінгі жазған 15 жылдық еңбегінің өртеніп кетуі. Шәкәрім атылған соң оның артында қалған дүниелерді де құрту керек болған. Ешбірі халыққа жетпеуі тиіс. Белсенділер ақынның саятқорасына барып, кебеже-кебеже қолжазба, дорба - дорба кітаптарды түйеге теңдеп, ОГПУ мекемесіне әкеліп, Шәукеннің қолымен өртеткен. Шәукен қалай дегенмен де мылқау, қара танымайтын сауатсыз адам ғой. Не өртеп жатқанынан хабары жоқ. Бірақ, әйтеуір, құнды дүниелер екенін сезсе керек. Оның артынан қызыл әскердің солдаты бақылап тұрады. Кітаптар мен қолжазбаларды бірінен соң бірін отқа лақтырып жатқанда бір кітаптың ішінен Шәкәрімнің суреті сусып түседі. Шәукен суретті жерден көтеріп алып, ішігінің тысын жыртып, сол жыртықтың ішіне салып, ОГПУ-дан суретті алып шыққан. Кітаптарды өртеп бола салысымен, үйіне асығады. Әрқашан баппен, асықпай жүретін мылқаудың бұл қылығы белсенділерге оғаш көрінсе керек, артынша барып Шәукеннің үйін тінтіген. Не іздеп жатқандарын өздері де білмейді. Осы кезден бастап, өлгенінше артынан аңду кетпеді.Ол сурет қашан жарыққа шықты?Шәукен сол 1931 жылдан 1960 жылға дейін ол суретті жан баласына көрсетпей сақтаған. Өйткені бере қоятын ешкім жоқ. Шәкәрімнің 4 ұлының төртеуі де «халық жауының» баласы ретінде сотталған. Ахат ұлы Сібірге айдалды. Кейіннен Ахат ақсақал айдаудан оралып, 1960 жылы Алматыдағы Әуезовтың үйіне қонаққа шақырылады. Бұл қонақтар ішінде Шәукен ақсақал да бар. Ахат Құдайбердиев сол отырыс туралы естелігінде  Шәукен ақсақалдың қатты ыңғайсызданып отырғанын айтады. Бірдеңе айтқысы келіп, көздері жасаурап, менен кешірім сұрайтындай қарайды дейді. Сол бір үзілістен кіргенде Шәукен соңында қалып, есік сыртынан Ахатты шақырып, жылап тұрып ақынның суретін тапсырған екен. Суретті қалай сақтаған? ОГПУ-ден алып шыққан соң, Шәукен суретті шешесіне апарып берген. Шәукеннің шешесі Шәкәрімнің суретін өзінің кебіні деп дайындаған ақ матаның ішіне орап қойған. Шәкәрімнің өзі-ақ кебінге оралып жерленбесе де, суреті кебінге оралып бізге жетті.

Күзембаев, Қ. Мылқау мен Шәкәрім /Қ.Күзембаев //Ақ желкен.-2018.-№1.- 29-31 б.



Комментариев нет:

Отправить комментарий