Біздің блогқа қош келдіңіздер!!! Добро пожаловать на наш блог!!!

«Бір ел - бір кітап»

Көркем әдебиетке деген қызығушылық төмендеген мына заманда «Бір ел – бір кітап» атты акция қолға алынғанда қуанғанбыз. Алғаш Абайдың «Қара сөздері» белгіленген. Келесі жылы М.Әуезов «Қилы заман». Одан соң Мағжан Жұмабаевтың махаббат жырлары, Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын», Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек», Оралхан Бөкей «Қайдасың, қасқа құлыным», Фариза Оңғарсынованың «Дауа» кітабы болып  жалғасқан. Сеніммен айта аламын, ел болып жұмылған жоқпыз.
    Акция  кітапханаларда ғана аталып өтілді. 2014 жылы көрнекті жазушымыз  Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі», «Басында Үшқараның...» шығармаларын, 2015 жылы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын, 2016 жылы Д.Бабатайұлының шығармаларын бүкіл ел жабылып, күллі Қазақстан бойынша оқуымыз керек еді. Оқып жатырмыз ба? «Бір ел – бір кітап» акциясы жылда наурызда басталып, жылдың аяғына дейін жалғасады. Алайда, қай ұжымға, мекемеге, бөлімге, басқармаға, мектепке, колледжге  кірсеңіз осы әдебиеттерді қызыға оқып, ұстап, қызу талқылап жүрген азаматтарды көрмедік.   Он жылға жақындап қалды «Бір ел – бір кітап» акциясы жүргізіліп жатқанын білетіндер саусақпен санарлық. Шыны керек біз, яғни кітапханашылар ғана білеміз. Сонда өзімізге өзіміз ойластырған акция ма? Әлде осы акцияны жарнамалау жағы әлсіз бе? Қаншама оқушысы бар колледждер мен мектептер де, қаламыздағы барлық мекемелер де ОСЫ АКЦИЯ жайында білмейді! Сонда біз «Бір ел – бір кітап» деп кімді алдаймыз?
      Ал биылғы «Бір ел – бір кітап» 2017 акциясына қай автордың шығармалары таңдалынар екен деп күтудеміз. Казір Ұлттық кітапханада қызу талқыланып, таңдап алынған шығарма ақпан айының аяғына  қарай белгілі болады. Жерлестер, осы акцияны бір ел болып қолдап, жұмыла оқиық!

Балшырын Мұхаметжанова  



Комментариев нет:

Отправить комментарий