Біздің блогқа қош келдіңіздер!!! Добро пожаловать на наш блог!!!

Көшербаев Нәсір Мүсілімұлы,


Көшербаев Нәсір Мүсілімұлы, Ақтоғай ауданының тумасы, 1947 жылдың 02 тамызында Жетімшоқы (Коганович) елді мекенінде дүниеге келген.
Ақтоғай совхозында қой шаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан.
Кейінгі жылдары Балқаш телестудиясында еңбек етті. 1987 жылдан бастап 2012 жылдар аралығында дейін Балқаш мыс зауытының мысты электролиздеу цехында еңбек етіп зейнеткерлікке шықты. Нәсір Мүсілімұлының алғашқы өлеңдері 1960 жылдардың ортасында «Арқа еңбеккері» аудандық газетінде өлеңдері жарық көрді. Кейінгі жылдары «Орталық Қазақстан», «Балқаш өңірі» газеттеріне өлеңдері басылып, жыр сүйер қауымға ұсынылған. №3 кітапхана -филиалының тұрақты оқырманы.

                           
                            «Жетімшоқы жырымның шоқтығысың»

Санамда құштарлығым анамдай сен,
Аунаған жусаныңда құлындай мен.
Түн орта жұлдызымды іздеп жаттым,
Төбеттің үргеніне алаңдаймын.

Сылдыры Сарқырама әсем-әуен,
Сүңгісең жан рахаты әлем-дәурен.
Ұрланып бой тасалап суға түстік,
Үлкендер отырсада алаңдаумен.

Күн шуақ сәуір-тірлік көктем жеткен,
Тамшысы жаңбыр-тентек өпкен беттен.
Сән қылып шыттан көйлек киіп шықтық,
Көруге көрші қызын төркіндеткен.

Жарысып қақ шалшықтап күшікпенен,
Ауылдан тал жағалап түсіп төмен.
Батпақтың миын жағып бетімізге,
Қорқыттық жеңешені «түстік» деген.

Үйректер балапанмен тізбек құрап,
Шығатын арасынан қамыс - құрақ.
Көз жаздық жарда ойнақ, қозы-лақтан,
Ілмектеп жас шыбықпен «шұбар» аулап.

Бәкілік шыбын-шіркей әндеткен кез,
Шөп орған, көлеңкелеп өндірткен кез.
Асырсап жаға-жиек қызған құмды,
Кетпейтін шомылғанмен өкшеден күс.


Қараған тобылғы ши өзек-тоған,
Болдыртып тай құлынды тақым ысқам.
Тіккенмін қызыл жібек мата бәйгі,
Шоқыңа өрмелеп мен еспе тұстан.

Қызығып қызыл қырат гүлін тергем,
Қан жоса май табанды тікен тілген.
Сол тұстан өткен сайын алыс-жақын,
Бас иіп гүл қыратқа сәлем берем!

Көрші қыз,бұрымына таққам арнап,
Хош иіс жұпар гүлін қызыл қырат.
Қыз жүзі гүл таққанда алауланып,
Есімде ұялғаны сәл қырындап.

Әжемдер шыр еткенде алған орап,
Кіндік қан тамған жерім мәңгі құжат.
Атыммен текті жазып кіріс бетке,
Басыпты «ауыл совет» мөр-мұрағат.

Жырымның шоқтығысың Жетімшоқым,
Ерекше сен деп соғар жүрек тұсым.
Арманым, аунап түсу өзім туған,
Орнына қараша үй, жер ошақтың.


                                      «Сағындырған ауылым»

Өзіңнен қасиетті ауылым-анам.
Қырандай қанат қаққан арман балаң,
Анамдай ақ жол тілеп сапарыма,
Өрісі тіршіліктің думан-далам.

Аңсап мен  туған жерді сағынбасам,
Несіне ақыл-есті адам болам.
Жүрер де қала жаққа туған ауыл,
Анамдай қимай қарай,алаңдаған.

Кейде мен, кері кетіп, тайғақтанам,
Әр – әдік бүлк-бүлк етіп, қайнап алам.
Көкірек құста болған сағыныштан,
Ауылымнан оралғанда жайнап қалам.

Бір жола  оралуды ойлап қалам,
Күйбелең көш түзеуге байлап қадам.
Қаланың шуылынан бас айналып,
Буыны бекімеген бала болам.
Қырғыштай жүзі қайтқан көңілімді,
Жасырын қайта жүздеп, қайрап алам.

Комментариев нет:

Отправить комментарий